ЕСІЛ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ "ГҮЛДЕР" БАЛА БАҚШАСЫ КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
КОММУНАЛЬНОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ КАЗЁННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ ДЕТСКИЙ САД "ГҮЛДЕР" ПРИ ОТДЕЛЕ ОБРАЗОВАНИЯ ЕСИЛЬСКОГО РАЙОНА

«Наурыз мейрамын» тойлауы» дөңгелек үстел аясында, «Хош келдің, Әз –Наурыз!» бейресми атмосферада кеңесті өткізу

Көне заманнан бері Наурыз – күн мен түннің теңелген уақыты (жаңаша 22 наурыз, ескіше 9 наурыз) әрі жыл басы ретінде тойланып келе жатқан мейрам.

Оның қадым заманнан келе жатқан мейрам екенін Абай: «Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибаги», «хұзағи» деп аталған заманға дейін апарып:

Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп тамаша қылады екен. Сол күнді Ұлыстың ұлы күні дейді екен, - деп жазған.

Этнограф, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

Қазақта Наурыз деген кісі аты болған. Қыз-келіншектер оның атын атай алмай «Ұлы күн» деп Ұлыстың ұлы күн деп кеткен. Ұлыс – Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Қазақта оны Ұлыстың ұлы күні – Наурыз, - дейді.

Уақыт өте Наурыз мұсылман түркі елдерінің төл мерекесіне айналды. Бұл мейрамды қазақ халқы байырғы заманнан бері Ұлыстың ұлы күні деп атаған.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен байланысты негізгі ұғымның бірі. Ұлыстың ұлы күні деген сөз орамдағы Ұлы күн, жылдың басы күні дегенді білдіреді. Ең абзал, ең мәртебелі болып саналғандықтан қазақтар оны Ұлы күн деп атаған.Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады. Әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады.

Наурыз көже 22 наурызға қараған түні молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңырақта әзірленеді. Дәстүр бойынша наурыз көже қыста арнайы сақталған соғым еті,  бидай, тары, арпа, дақылдары қосылады. Су, тұз да дәмге қосылады. Наурыз көже 7 дәмнен жасалады. Оның құрамы 7 түрлі дәмнен артық та болуы мүмкін. Бірақ дәм тек тақ сан түрінде болады. Өйткені, наурыз «береке, бірлік» идеясын білдіреді, тақ бөлінбейтін сан деп ұғылады.

Қап түбінде сақталған соғым еті қыстың дәмі деп ұғынылса, ең соңында наурыз көжеге қосылатын ағарған (айран, қатық, құрт) келер жаздың дәмін білдіреді.

Жасы үлкен ауыл, ел, әулет, әулет қарияларының кейбірінің аты Наурыз, Наурызбай болса, келіндер жағы эвфемизммен көпкөже, тілеукөже деп атайды.

Ұлыстың ұлы күні жасалатын игі істер

Әдетте осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан бойын аулақ ұстағаны жөн.

Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм тарттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап, қинағалғандарға жылу жинап берген.

Бұл күні алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылған. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру және тағы басқа) ойналған.

Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.

«Ескіліктің сарқыншағы»

Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде (1920-1925 жылдары) шығыс халықтары бұл мейрамды атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып, Наурызды тойлау тоқтатылды.

Алайда ол «репрессияға» ұшыраса да, халық оны ұмытқан жоқ. Тұтастай болмаса да, халықтың этномәдени санасында Наурыз мейрамы рекрацияланған мәтін түрінде сақталып келді. Себебі, елдік (мемлекеттік) идеологияда мейрамның өзіндік орны болғандықтан ол өміршең болды.

Жаңартылған күні: 19.04.2024 13:09
Құрылған күні: 13.05.2024 18:34

Ұйымдар тізімі
Текст